Талбесік • 01 Мамыр, 2024

Шығыста 20 мың көшет егілді

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында шығысқазақ­стандықтар белсенділік танытып, 20 мың көшет отыр­ғызды. Бұл күні өскемендіктер Қазақстан тауына өрлейтін соқпақ­тың бойына қайың мен шырша екті.

Шығыста 20 мың көшет егілді

Суретті түсірген – автор

Қазірде облыс көлемінде кө­гал­дандыру жұмысы қарқын алып келеді. Жалпы, биылдың өзінде 123 мыңға жуық көшет отырғызу жоспар­лан­ған. Әл­бетте көшетті отырғызып қана қоймай, оны күтіп-баптау жұ­мыс­тары да жоспардан тыс қалған жоқ.

Қазақстан тауы – жаздың күні көпшіліктің серуендейтін бірден-бір жері. Мұнда ел жаяу­латып шығып, тау биігінен қа­ланы тамашалайды. Ұшар ба­сында желбіреп тұрған көк туы­мыз және бар. Иә, бұл биік­тен қаланың барлық бөлігі көрінеді. Осындай көрікті жерді көгалдандыру мақсатында көшет егілгені өте құптарлық іс болған. Айта кетерлігі, көшет екпес бұ­рын таудың маңайына сенбілік жұ­мыстары жүргізілген. Сөйтіп, «Таза Қазақстан» акциясы аясында игі шаруа атқарылды. Оған облыс әкімі Ермек Көшербаев та атсалысып, шырша мен қайың отырғызды.

– Отанға, еліне деген махаббат тазалықтан және еңбекқорлықтан басталуы қажет. Сондықтан бүгінгі бірегей шара жастар арасында дәстүрге айналып қана қоймай, өскелең ұрпаққа жақсы үлгі болады деген сенімдемін, – деді облыс әкімі Ермек Бедел­байұлы.

Бүгінгі шарада үлкен жұ­мыс атқарған еріктілер мен Өске­мен орман шаруашылығы қызмет­керлері екенін де атап айтқан жөн. Тіпті мектеп оқушыларына дейін келіп, ерікті түрде тал еккен.

– Табиғатты аялауға бағыт­талған шараға бәріміз бір кісідей қатыстық. Шырша егілді. Бұл кейінгі ұрпаққа үлкен өнеге деп бі­лемін. Жыл сайы­н тал егуді дәстүрге айналдырсақ, айналамыз жасыл желекке оранып тұрады. Балаларымызбен, немерелерімізбен келіп демаламыз, – дейді орманшы Мұрат Раисов.

Шығысқазақстандықтар «Таза Қазақстан» акциясына қатысуда белсенділік танытты. Мұн­дай шара облыстың әр ауданында өтіп жатты. Акцияның бірін­ші апталығы «Таза өлке» аясында 21,4 мың аула тазаланып, 6 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды.

«Киелі мекен» апталығында 161 қоғамдық орын, сквер және 136 ес­керт­кіш тазаланды. Ал «Өне­гелі ұр­пақ» аптасында об­лыстағы ардагерлер мен қарттар­дың ауласы тазаланып, сенбі­ліктер өтті. Ендігі кезекте «Мөлдір бұ­лақ» апталығында арықтар мен бұ­лақ көздері тазалаудан өтпек.

 

Өскемен