Спорт • 01 Мамыр, 2024

Жарыс күнделігі

29 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

• Біріккен Араб Әмірлігінің (БАӘ) Фуджейра қаласында семсерлесуден өткен Олимпия ойындарының іріктеу тур­нирінің алғашқы күні жерлес­теріміз жанкүйерлерін қуанта алған жоқ. Артем Саркисян («сабля») мен Софья Ақтаева («шпага») ширек финалда қарсыластарына есе жіберіп, көздеген мақсатына жете алмады. Есесіне келесі күні қор­жынымызға екі жолдама түсті. Байрақты бәсекеде барлық бәсекелесінен басым түскен Әйгерім Сарыбай финалда гонконгтік спортшыға 15:13 есебімен сан соқтырды.

Жарыс күнделігі
  • 3–5 мамыр аралығында Тәжікстанның бас шаһары Душанбеде дзюдодан Grand Slam турнирінің жалауы желбірейді. Олимпия ойын­­­да­рына қатысу үшін рей­тинг­тік ұпайлар берілетін бә­­­секеде Қазақстанның туы ас­тында Мағжан Шамшадин, Нұр­қанат Серікбаев (60 кг), Ел­аман Сұлтанбай, Алмас Ға­лымов (66 кг), Дастан Шаях­метов, Дархан Қойбағар (73 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Аян Байғазы, Дидар Хамза (90 кг), Ислам Бозбаев, Нұрлыхан Шархан (100 кг), Еламан Ерғалиев және Ерасыл Қажыбаев (+100 кг) сынды саңлақтар өнер көрсетеді.
  • Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының алтыншы тур ойындары аяқталды. Бұл матчтарда мынадай есептер тіркелді: «Тұран» – «Астана» – 0:2, «Атырау» – «Қызылжар» – 2:0, «Тобыл» – «Жеңіс» – 1:1, «Қай­сар» – «Қайрат» – 1:0, «Елі­май» – «Ордабасы» – 1:1, «Жетісу» – «Ордабасы» – 2:1.
  • Стенд атудан Эдуард Ещенко Париж Олим­пиа­дасының жолдамасына иелік етті. Ол «скит» бағдарламасы бойынша іріктеуден өтіп, финалға жолдама алды. Нә­тижесінде, үшінші орынды еншілеп, ғаламдық додаға қа­тысатын спортшылардың тізі­міне қосылды. Бұл – мер­ген­дердің екінші жолдамасы. Бұған дейін «трап» жат­тығуы бойынша Мария Дми­триенконың бағы жанған еді.
  • Жеңіл атлетикадан Шан­хайда өткен «Гауһар лигасы» турнирінде Дэйзи Джеп­кемей сәтсіз өнер көрсетті. Қа­зақ­стан­ның намысын қор­ғайтын кениялық легио­нер 3 000 метрге жүгіруде мәре сызы­ғын жетінші болып қиып өтті. Оның көрсеткіші – 9:25.10. Бұл жарыстың бас жүл­­десін Кенияның желаяғы Беа­трис Чепкоеч (9:07.36) ол­жа­лады. Угандалық Перут Че­­мутай (9:15.46) күміс алса, гер­­маниялық Геза-Фелиситас Краузе (9:16.24) қолаға қол созды.
  • Англияның Хайтон қа­ласында өткен жарыста орта салмақта жұдырықтасып жүр­­­­ген танымал кә­­сіп­қой бокс­шы Тұр­сын­­­бай Құлахмет (7-1, 5 КО) поль­­ша­лық Роберт Та­ла­­рек­пен (28-25-3, 19 КО) күш сынас­ты. Бұл жек­пе-жек төр­тінші раундта жер­ле­сі­­міз­дің айқын жеңісімен аяқ­талды.
  • Қытайда туып-өскен қазақ файтері Мақсат Қайсар (9-3) UFC-дегі төртінші кез­десуін өткізді. АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйым­дас­­тырылған жарыста қан­да­сымыз 35 жастағы Мек­си­ка­ның марқасқасы Габриэль Бенитестен (23-11) басым түсті.
  • Дзюдодан еліміздің жас­тар құрамасы кезекті оқу-жаттығу жиынын Түркістан облысындағы «Алма тау» базасында өткізіп жатыр. Жер­лес­терімізден бөлек бұл жер­­­де Өзбекстан мен Түрік­мен­­­станның да балуандары жат­тығып жүр.
  • Футболдан Қазақстанның Лига кубогінің жеребесі тартылды. Жүлде қоры 1 млн долларды құрайтын дүбірлі доп додасының топтық турнирінде мына командалар өзара ше­берлік байқасады: А тобында – «Қайрат», «Қызылжар», «Ақ­­жайық», «Тараз»; B тобында – «Тобыл», «Ақтөбе», «Қай­сар», «Жеңіс»; С тобын­да – «Ор­дабасы», «Аты­рау», «Тұ­ран», «Елім­ай»; D тобында – «Ас­тана», «Шахтер», «Же­тісу», «Каспий». Бұл жарыс 25 мамырда бас­талып, 24 қа­ра­шада мәреге жетеді.
  • Бірінші ор­та салмақта жұды­рық­тасып жүрген 33 жастағы қазақтың кәсіпқой боксшысы Батыр Жүкембаев 22 мамырда АҚШ-тың Плант-Сити қаласында украиналық Иван Редкачпен күш сынасады. 33 жастағы Жамбыл бокс мектебінің түлегі осы күнге дейін 21 рет рингке кө­те­­ріліп, сол бәсекелердің біреуінде ғана ұтылды. Батыр 14 қарсыласын нокаутқа жі­берді. 38 жастағы Украина бокс­шысы 31 кездесудің 24-ін өз пайдасына шешті. Редкач 19 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.