Тұлға • 01 Мамыр, 2024

Арманына асыққан Әбілхан

48 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық суретшісі Ә.Қастеевтің туғанына биыл 120 жыл ­толып отыр. Соңына екі мыңға жуық құнды дүние қалдырған Әбілхан атамызды ешкімге ұксамайтын біртуар суретші, қазақ бейнелеу өнері тұңғыштарының бірі әрі бірегейі десек, оның ізбасары санайтын өзім ұстаз-суретші ретінде майталман қылқалам шеберінің балалық шағынан өскелең ұрпақ өкілдеріне арнап «Арманына асыққан Әбілхан» атты ғылыми-әдістемелік оқулық шығарған едім.

Арманына асыққан Әбілхан

Талабы таудай баланың су­рет­­ші болу үшін өзін еш аямай, бір­не­ше рет қатерлі қа­дам­­дар­ға қорықпастан ерікті түр­де барғанын жақсы білеміз. Оның бірнеше рет өлімші етіп сабалғаны да мәлім. Ол осы жуан таяқтардан неге қорқып жас­қан­бады деген сұрақ тұрады көкейде. Талып жатқан Әбілханды анасы Қалипан бірнеше рет көтеріп әкеліп емдеп, зорға жазып алғаны белгілі. Қыстың күні Іледен Шежінге жол тартып, ажал аузынан әзер аман қалғаны тағы бар. Торғай өңірінде қатты үсіп қалғаны да ұмытылған жоқ. Осын­­дай қиыншылықтың, ауырт­па­­лық­тың барлығына кішкентай сары бала қылқалам өнеріне деген құштарлығының, осы өнерге деген сүйіспеншілігінің, суретші болсам деген асқақ арманының арқасында қарсы тұра білді.

Қандай істі де жүрек қала­уы­мен істейтін балғын суретші үл­кен өмірде де осы қасиетінен тан­ған жоқ. Өзінің асқан талантымен қоса, ел-жұртына деген ерекше сүйіспеншілігінің нәтижесінде артына өшпестей мол мұра қалдырды. Қазақ­стан Сурет­шілер одағының төр­ағасы Өмірбек Жұбаниязов ағамыз өз естелігінде: «Сурет­те­рі қазақтың бейне энци­клопедиясы секілді» деп жазса, бұл Ә.Қастеевтің бұ­рын-соңды болып көр­меген «Қа­зақ бейнелеу өнерінің» мек­­те­бін қа­лып­тастырған қай­та­ланбас тұл­­ға, бояуды қыл­қа­ламмен сөйлету­дің­ хас шебері екенін тағы бір мәрте айғақ­та­са керек.

Ұлы тұлғаны ұлықтау ба­ры­сын­да «Арманына асық­қан Әбіл­хан» атты тағылымдық оқу­лық (құрал) жазуды­ тә­ңі­рім менің еншіме бұйыртқан екен. Онда дүниежүзі мо­йындаған қыл­қа­лам шебе­рінің өнегелі бала­лық шағы тиянақ­ты зерттелді. Ал оның қаншалықты көр­кем, маз­мұнды жазылғаны жайында оң пікір не сын-ескертпе айту оқырман қауымның құзырында деп білемін. Деген­мен жеткін­шек­тердің өрелі, зерделі болып өсулеріне оқулықтың нұрлы дәні өз әсерін тигізеді ғой деп үміт­те­немін. Өресі биік суреткердің ғибратты істері ұрпағымызға жұғысты болсын.

 

Мәмет ИМАНБАЙ,

суретші-ұстаз