Жәдігер • 30 Сәуір, 2024

Ғұн күймесі

47 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көзіқарақты қауым һәм маман тарихшылардың бәрі біледі, қазіргі қазақ халқы – әлем тарихына тұңғыш рет еуразиялық аумақта көшпелі империя құрған көне ғұндардың ұрпағы. Ақын Мағжан Жұмабаев «Ерте күнде отты Күннен ғұн туған, Отты ғұннан от боп ойнап мен туғам» дегенді бекер айтпаған болар.

Ғұн күймесі

Күркелі күйменің сызба жаңыртпасы

2010 жылы жарық көрген бестомдық «Қазақстан тарихы» атты еңбектің бірінші томының 245-бетінде: «Ғұндар б.з.б. І мың­жылдықта қазіргі Моңғолия оң­түс­тігі Ордастан Каспиге дейінгі Орталық Азияның ұлан-байтақ кеңістігін тайпалық одақ» деген пайым айтылыпты. Демек біздің аталарымыз кезінде күллі Еуразияға үстемдік жүргізді деген сөз. «Ат аунаған жерде түк қалады» дегендей қазіргі таңда осындағы апайтөс еуразиялық аумақта ғұн дәуіріне тән 13 үлкен ескерткіш кешендер болса, осында 2 мыңға жуық әртүрлі қорған-обалар орналасқан екен. Бір қызы­ғы жоғарыдағы 13 ескерткіш – қорғанның 9-ы ежелгі Өтукен қойнауында, яғни Моңғол даласында жатыр. Осындағы 9 үлкен ес­керткіш кешенмен салалас 3 мыңға жуық оба-қорымдар бар болса, бұлардың дені кіші қорымдар, ғылыми тілмен айтқанда, шағын көмекші қорғандар екен.

м

Қазба кезінде табылған Күркелі күйменің сұлбасы

Бұл ескерткіш қорғандардың ең ірісі Ноин Ула кешеніне 1924 жылы орыс зерттеушісі Коз­лов бастап жүргізген күннен бері қарай 100 жылда Моңғол үс­тір­тінде орналасқан 40-қа жуық ғұн кешеніне үлкенді-кішілі архео­логиялық қазба жүргізілген екен.

Кейінгі жылдары бұл үрдіс жалғасын тауып моңғол архео­лог­тері Ресей Ғылым ака­демия­сы Археология институтының Сібір бөлімшесінің маман­ архео­логтерімен бірлесіп жоға­рыдағы ғұн­дар ескерткіш кешен­дері­не ғылыми қазба жұмыстарын жүйелі жүргізіп жатыр. Нәтиже жаман емес, бірлескен жұмыс тобы 2005–2015 жылдар аралығында ғұн­дардың ақсүйектері жерленген төрт ірі қорған мен төрт кіші обаға жүргізген қазба жұмысы барысында 1300-ге жуық заттық артефактілер тапқан екен.

Жуықта іссапармен Ұлан­ба­тыр­ қаласында он шақты күн бол­­­­ған едік. Осы орайда, ша­һар ор­та­­лығында орналасқан Ұлт­тық му­зей­дің Ерте дәуір тарихы залында ашыл­ған «Ғұндар: Архео­ло­гия­лық жаңалықтар­дың ашылуы» ат­ты көрмені тамашаладық. Онда жо­ға­рыда айт­қанымыздай жаңа­дан та­был­ған 1300-ге жуық зат­тық бұ­йым­­дар ішінен таңдап алын­ған 400 жә­дігер көрме сөре­сіне орнала­сып­ты.

Көрме сөресіндегі жәді­гер­лер арасынан біздің назарымызды аударған жәдігер – ғұн күймесі. Маман тарихшы-археолог қазақ азаматы, қаладағы Американ мек­­те­бінің ұстазы Маратхан Анар­хан­ұлы мырзаның айтуына қара­ғанда, бұл жәдігер алғаш 2011 жы­лы Арқанғай аймағының Өн­дір-Ұлан сұмын жеріндегі Бал­ға­сын­ тал деген алқапта орналасқан ғұн қорғандарынан табылған екен. Бірақ қорғанның мемлекеттік тір­келу ретіне байланысты табылған жері «Гол мод ІІ» деген атаумен ғы­­лыми айналымға еніпті. Дәл осы­ ау­мақта ғұн дәуіріне қатысты 600-ге жуық әртүрлі нысан (үлкен қор­­ған, кіші қорған, жеке оба, т.б.) бар көрінеді.

Қазба кезінде 12,9 метр терең­діктен табылған күйменің сипаты жайлы анықталықта былай деп жазылыпты: оның доңғалақ шеңбері 19 ағаш тірекпен шабақталған, оның әрбірінің ұзындығы – 90 см, шабақ ағаштың жуандығы – 0,8-1 см. Күйменің адам отыратын бөлігінің қабырғасы – 45-50 м биік, ал ені – 60 см. Сондай-ақ үстінде темір қазан және шағын шөміш қатарлы заттар қойылған.

«Ғұндар күймені соғыс және көші-қон кезінде пайдаланған. Мұндай соғыс күймелері тек ақсүйектер қорымынан табылуда. Әзерге табылған күймелерді мамандар Күркелі күйме және Дүкенше күйме деп екіге бөлсе, ал оған жегетін жануарға қатысты түйе күйме, ат күйме, өгіз күй­ме деп атаған екен. Табылып жатқан күймелердің дені күркелі күймелер. Күркелі күймені олар тек салтанат үшін пайдаланса, дүкенше күймені алыс сапарға шыққанда қажет еткен. Күркелі күймені қытай жазбаларында «Яо чэ» деп атаған. Сондай-ақ көне қытай деректерінде Хань империя­сы ғұн билеушілеріне (шаньюй) күйме сыйға бергені хақында көп айтылады», дейді Маратхан.