Сараптама • 01 Мамыр, 2024

Жаһандық жұмсақ күш

269 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаһандану үдерісі белсенді жүріп жатқан XXI ғасырда мәдениеттердің өзара ықпалы, ұлттық құндылықтар мен әлемдік брендттердің әрекеттесуі қарқынды өтіп жатқаны белгілі. Осы орайда ғылымда «жұмсақ күш» термині пайда болып, мемлекеттердің ықпалын саралайтын арнайы зерттеулер де жүргізіліп келеді.

Жаһандық жұмсақ күш

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Жұмсақ күш дегеніміз – бір ұлттың халықаралық аренада түрлі субъектінің қалауы мен әрекетіне мәжбүрлеп емес, өзіне тарту мен сендіру арқылы ықпал етуі. Бұл үде­рісті зерттеу мақсатында ға­лым­дар мен мамандар тарапынан түрлі ғылыми мақала мен еңбек жазылып жатыр.

Оқырман назарына «Жаһандық жұмсақ күш индексін» ұсынамыз. Индексті 1996 жылы негізі қаланған «Brand Finan­ce» консалтингтік компаниясы 2020 жылдан бері жа­рыққа шығарады. Есеп мемлекеттердің әртүрлі көр­сеткіш бойынша әлемге ықпалын бағалайды әрі жұмсақ күш динамикасының өзгеруі туралы құнды мәліметтерді ұсынады. 2024 жылғы индексті жасауда әлемнің 100 мемлекетінде 170 мыңнан аса азаматтан сауалнама алынған. Сауалнама мақсаты 193 ұлттық брендтің 55 жұмсақ күш көрсеткіші негізінде жергілікті тұрғындар тарапынан қабылдау ерекшеліктерін зерттеуге бағытталған.

Индексте келтірілген рейтинг басында АҚШ, Ұлы­британия, Қытай мемлекеттері орналасқан. АҚШ индекстің «Ықпал», «Танымалдылық», «Бизнес»,  «Сауда» көрсеткіштері бойынша көш басында келеді. Бірақ «Адам және құндылық», «Үкімет» көрсеткіштері бағанында Ұлыбритания мен Жапонияға қарағанда ұпайлары төмен.

Индекс деректерінде Ресей 2023 жылғы көрсеткішінен 3 са­тыға төмендеп, 16-орынға түскен. Ресейдің есептегі ұпай­лары «Тұрақты даму», «Адам және құндылық» бағандары бо­йынша төмендегенімен жалпы ықпалы +0,3 ұпайға кө­те­рілген.

Биыл Қытайда жұмсақ күш деңгейінің жылдам өсуі тіркеліп, өткен жылы үшінші орында болған Германияны басып озды. Бұл Меркель басшылығынан кейінгі Германия қуатының төмендегенін көрсетеді. «Бизнес пен сау­да»,  «Білім мен ғылым» бағандары Бейжіңнің рейтингте өсуінің негізгі факторлары болды.

а

 

Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Африка сияқты ірі аймақтық державалар жұмсақ күш әлеуетін арттыруға ұмтылған сайын, Таяу Шығыс елдері БАӘ, Сауд Арабиясы, Қатар, Түркия ірі стратегиялық бастамалары арқылы 2020 жылдан бергі ең үлкен ілгерілеуді көрсетіп отыр.

Үндістан экономикасының жылдам өсуіне қарамастан, «Медиа және коммуникация», «Адам және құндылық», «Үкімет» және «Тұрақты даму» бағандарынан төмен көрсеткішімен жаһандық жұмсақ күш индексі бойынша 29-орынға төмендеді. Алайда үндістанның G20 саммитін өткізуі, экономикалық ілгерілеуі, ғарыш саласын игеруге салған инвестициялары мен крикеттен Үндістан әйелдер премьер-лигасының іске қосылуы сияқты спорттық бас­тамаларынан көрінетін халықаралық аренадағы белсенді ұстанымы бұл елдің «Танымалдылық», «Бай мәдени мұра»,  «Бедел» жөнінен алдыңғы қатарға жылжуына ықпал етті.

Қазақстан индексте 2023 жылы 36,5 ұпаймен 79-орында болса, биыл 35,9 ұпаймен 80-орынға орналасты. Алайда ұлттық бренд құны бір жылда 6,2%-ға артып, 231 млрд долларды (2023 жылы 218 млрд доллар) құрады. Қазақстанның «Бедел», «Тұрақты даму», «Танымалдылық» компоненттері жоғары бағаланған.

«Жаһандық жұмсақ күш индексі» зерттеуші ғалым­дар­ға, мамандар мен сарапшыларға статистикалық мәлі­меттері, талдамалық деректері, сауалнама қорытын­ды­сы­ның көрсеткіштерімен құнды ақпарат көзі болып саналады.

 

Мария ЖЫЛҚЫШИЕВА,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы