Өндіріс • 01 Мамыр, 2024

«МедиДездің» мерейі

33 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Рудный қаласындағы «МедиДез» ғылыми-өндірістік бірлестігі жоғары сапалы дезинфекция, антисептик құралдары мен сабын түрлерін шығарады. Соңғы жыл­дары компания өніміне сұраныс артқан соң өндіріс көлемі де ұлғая түскен. 2023 жылы Президенттің «Алтын сапа» сыйлығын жеңіп алған отандық өнді­ріс бү­гінде микроб жойғыш сабындар мен теріні және медициналық құрал-жаб­дық­тарды зарарсыздандыратын химиялық өнім түрлерін көптеп шығара бас­та­ды.

«МедиДездің» мерейі

Аурухана гигиенасы саласына маман­данған компания түрлі емдеу-про­фи­лактикалық меке­мелердегі инфек­ция қауіпсіздігін қамтамасыз етіп келеді. Отандық өнім қарапайым тұтыну­шылар­дың күнделікті тұрмыстық қажетіне жараумен қатар, денсаулық сақтау меке­мелері мен асхана, мейрамхана тәрізді көпшілікті тамақтандыру орындарының да сұранысын өтеп беріп отыр.

«Қазір дезинфекциялық өнім шығара­тын кәсіпорындардың көбе­йіп кеткені рас. Олар шығаратын өнімдердің пайдаланылу аясы, атауы шамалас болға­ны­мен құрамы, сапасы, қоспалары әртүрлі. Мәселен, дәрігер тәулігіне кемінде 30-40 рет қол жуады делік, егер емдеу мекемесіндегі дези­нфек­циялық сұйықтық сапасыз бол­са, қол қандай күйге түсер еді? Сол себепті біз сапалы шикі­зат қол­­да­намыз. Әрине, біз­дің өнім­ді ай­тар­­лықтай арзан деп айта ал­­май­­мын. Өйткені шикізатты еуро­­па­д­ан алдырамыз. Тұтыну­шы­­лар­­­ы­мыз­ды баға емес, сапа қызық­тыра­­ды», дейді ғылыми-өндірістік бір­лес­­тіктің директоры Әлия Қайрақбаева.

Кәсіпорын кейінгі бес жылдан бері өз өнімдерінің біраз бөлігін Қырғызстанға экспорттайды. Қазір Ресейге де тауар жөнелтіп жатыр. Компания басшы­ларының айтуын­ша, Ресей нарығына өнім жө­нелтудің бірталай қиын­­дық­тары бар, өйткені ол жақ­та сауда бәсекесі жоғары. Алай­да со­ған қарамастан «МедиДез­дің» антисептиктері Тверь, Ека­терин­бург, Самара, Чебоксары қала­ларында сатылып жатыр.

пв

Ғылыми-өндірістік бірлестік­тің тарихы 2014 жылдан бастау алады. Ол кезде кәсіпорында небә­рі үш-ақ адам жұмыс істейтін, қазір 50-ден аса қызметкер тұрақ­­ты түрде еңбек етеді. Зауыт өнімдерін бүгін­де еліміздің бар­лық өңірлерінен кез­дес­тіруге болады.

«Облыстан тыс өңірлерге ап­тасына бір рет, кейде екі реті ауыр жүк кө­ліктерімен, күн сайын «Газель» көліктерімен тауар жі­бе­ріп отырамыз. Бес жыл­дан бері осы жерде жұмыс істеп жа­тыр­­­мын. Тап­сырыс күн сайын тү­сіп жатады. Еліміз­дің бар­лық өңірін­де өзіміздің сенім­ді серік­тестеріміз бар», дейді зауыт­тың дайын өнімдер қой­ма­сының меңгерушісі Бақытжамал Бірна­зарова.

Кә­сіпорын халықаралық ISO 9001 стандарты мен HАССP жүйе­­сіне сай серти­фикаттал­ған. Сон­дықтан зауыттан шыға­тын бүкіл өнім арнайы сынақ зертханасы арқылы бақыланып отырады. Сы­нақ зерт­ханасының басшысы Елена Василькованың айтуынша, шикізат өндіріске жіберілмес бұрын жан-жақты тексеріледі.

«Одан кейін жартылай фаб­ри­каттар мен дайын өнімді тек­се­ре­міз. Өнімнің әр легінен ар­бит­раж­дық үлгі алып қаламыз да, сол бойынша және белгіленген жа­рамдылық мерзімі бойынша өнім сапасын бақылап отырамыз. Біздің зертханамыз аккредитация­дан өткен. Сондықтан Ұлттық сараптама орталығы жоспарлы түрде инспекциялық тексеріс жүргізіп отырады. Мен бұл зауыт­та бес жыл жұ­мыс істеп жатырмын. Бәрі ұнайды. Ұжы­мымыз өте жақсы. Басшылық та үнемі қолдау көрсетіп отырады», дейді сынақ зертханасының басшысы.

Зауыт кәсіпкерлікті мемлекет­тік қол­дау тетіктерін де тиімді пайдаланып отыр. Мә­селен, 2020 жылы қымбат құ­рыл­­ғылар сатып алып, өндіріс ауқымын кеңей­тіп, қар­­жы айналымын ұлғайту үшін ком­пания «Альфа Банк» АҚ арқылы 14,5%-дық не­с­ие алған. Кәсіпорынның кепілдікке қоя­­­тын басы бос ғимараты болмаған­дық­тан «Даму» қоры несиенің жар­тысына ке­піл­дік берді. Пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында мемлекет тарапынан субсидия­ланды. Осылайша, компания өзі алған қомақты несиені қысқа мерзім ішін­де 6%-дық жылдық сыйақымен өтеп шықты.

«Препараттар өндірісіне қа­жет шикі­затты Америка мен Еуро­паның іргелі өнеркәсіп орын­дарынан алдыртамыз. Де­зинфекция құралдарын өндіруге пайдаланылатын су көпсатылы тазарту­дан, сондай-ақ кері осмос әдісі арқылы өңдеуден өтеді. Мұн­дай суды, тіпті дәрі-дәрмек жасау үшін де пайдалануға бола­ды. Мін­детім – шикізаттың кіріс ба­қы­лауынан бастап дайын өнім­­­нің шығуына дейінгі бар­лық технологиялық үдерісті толық бақылауда ұстап отырамын. Мұн­да мамандардың кәсіби шебер­лігін арттыру мәселесі де жақсы жолға қойылған. Мысалы, жыл сайын Мәскеуден бизнес-жаттық­тырушылар келіп, пайдалы тренингтер өткізіп тұрады», дейді зауыт технологі Дина Мұхам­бетова.

Кәсіпорын бірталай жылдан бері өңірдегі қайырымдылық шараларына атсалысып тұрады. Сонымен қатар «Балаларға өмір сыйла» жобасы аясында сирек кездесетін әрі күрделі отаны қажет ететін ауыр науқасы бар балалар­­­дың шетелде емделуі үшін зауыт­­тан «Баладез» сериясымен шыға­ры­­латын дезинфекциялық құрал­дан түскен қаржыны толы­ғымен «Қайырымдылық» ерікті қоғамы­ның есебіне аударып отырады.

«МедиДез» ғылыми-өндірістік бірлес­тігі алдағы уақытта өнімде­рін Моңғолия нарығына шығару­ды көздейді. Сонымен қатар өндіріске бес бірдей жаңа өнімін енгізейін деп отыр. Оның біреуі – қол сүр­туге арналған антисептик. Қалғаны құрал-жабдықтардың сыртын сүртетін дезин­фекиялық сұйықтық.

 

Қостанай облысы