Аймақтар • 17 Мамыр, 2024

Құлсарыда 756 апатты үй анықталды

761 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында тасқын судың зардабын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Кешеге дейін 2 624 үйге бағалау, 2 671 үйге техникалық тексеру жүргізілді. Апатты жағдайда тұрған 756 үй анықталып отыр.

Құлсарыда 756 апатты үй анықталды

Фото: azh.kz

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов Құлсарыдағы су тасқынынан зардап шеккен тұр­ғындармен кездесті. Ол тұрғын­дар­дың ұсыныс-талабын тыңдап, су тасқынынан зардап шеккендерге кел­тірілген залалды өтеу тәртібін түсіндірді.

Әкімнің айтуынша, үйі апатты деп танылған тұрғындарға өтемақы нарықтағы құнына сәйкес төленеді. Алайда су тасқыны кезінде зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары ақшалай өтемақыны нысаналы мақсатқа – жаңа тұрғын үй сатып алуға, тұрғын үй салуға немесе жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жұмсауға тиіс. Тұр­ғын­дардың нысаналы есепшотына бүлінген үйдің әр шаршы метрі үшін 200 000-240 000 теңгеден қаржы аударылады.

«Қазір бірінші кезекте су тас­қы­нынан зардап шеккен тұрғындар бағалау және мүлікті техникалық сараптау қорытындыларымен танысып, ақшалай қаражатты төлеу­ге келісімін беруге тиіс. Төлем екі апта ішінде жүргізіледі», деді С.Шәпкенов.

Атырау облысының жедел штабының мәліметінше, 15 мамырда Құлсары қаласында жыл­жы­майтын мүлікті бағалау және техникалық сараптау қорытын­ды­ларын жариялау бойынша мо­бильді топтардың жұмысы бас­талды. Жылыой ауданының 100-ден аса тұрғыны бағалау парағын алып отыр. Енді олар екі күн ішінде ақша­лай өтемақыға өтініш бере алады. Су тасқынынан бүлінген барлық үйді бағалау жұмысын 10 күнде аяқтау жоспарланып отыр.

«Жылыой ауданында 3 613 отба­сына 100 айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде біржолғы төлем берілді. Төленген қаржының жалпы сомасы – 1 млрд 387 млн теңге. Келтірілген материалдық залалға өтемақы төлеу үшін құ­жат­тар дайындалады. Жыл­жы­­майтын мүлікке техникалық тексеру және бағалау жүргізіліп жатыр. Қазір тұрғындардан 2 950 өтініш қабылданды. Оның ішінде 2 697 өтініш қарауға жіберілді», деп хабарлады облыстық жедел штаб­тан.

Аудан әкімі Жұмабек Қаража­новтың айтуынша, Құлсары қаласы ауыз­сумен толық қамтамасыз етіл­­ген. Электр қуатына 2 870 үй қосылды. Тасқын су басқан аумақ­тарда орналасқан 3 084 үй табиғи газбен жабдықталды. Енді су тас­қы­нынан зардап шеккен үй­лердің иелері сәуір, мамыр, маусым айла­рын­да коммуналдық қыз­меттер үшін төлемнен босатылады.

«Тұрғындарға наурыз айына қатты тұрмыстық қалдық, электр энер­­гиясы, газ және ауызсуға ком­муналдық төлемдерін төлеуге түбір­тектер таратылады. Алайда қала тұр­ғын­дары төлемді өздеріне ың­ғай­лы кез келген уақытта өтей алады», деді Ж.Қаражанов.

Оның айтуына қарағанда, Құл­сары қаласында коммуналдық қыз­мет­терге тариф көтерілген жоқ. Осы кезге дейін тарифтерді көтеру дерегі тіркелмеді.

Жылыой аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Қалиқызының айтуын­ша, Оқу-ағарту министрлігі мектеп жасындағы балалардың «Бал­дәурен» оқу-сауықтыру лаге­рінде демалуына қолдау көрсеткен. Қазір Құлсарының 146 оқушысы демалыс лагеріне жіберілді. Олар 20 күн демалады. Оқушылар Түркістан, Балқаш, Щучинск қалаларында және Бурабайда әрі демалып, әрі оқуын жалғастырып жүр. Маусым айында тағы 35 оқушыны аталған демалыс орнына жіберу жоспарланып отыр. Су тасқынынан зардап шеккен және эвакуацияланған отбасылардың балаларын оқу-сауық­тыру, демалу лагеріне жіберу жал­ғасын табады.

 

Атырау облысы