Шаруашылық • 17 Мамыр, 2024

Дала төсіндегі дүбір

35 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ертіс-Баян өңіріндегі дала төсі дүбірге толы. Диқандар көктемгі егіс жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Қазіргі уақытта межеленген егіс алқаптарының 8 пайызына тұқым себіліп, ылғал жабылған. Қазіргідей ашық күндер жалғаса берсе, мамыр айының соңына дейін науқан толығымен аяқталады деп күтіліп отыр.

Дала төсіндегі дүбір

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Жергілікті ауыл шаруа­шылы­ғын ғылыми зерттейтін ұйым өкіл­дері ша­руашы­лықтарды тұқым­мен қам­тамасыз ету мәселесі әлі де дұ­рыс шешіл­мей отырғанын айтады.

«Павлодар ауыл шаруашы­лығы тәжірибелік стансасы» ЖШС биылға арналған ауыл шаруа­шылығы дақылдарын егу­дің оңтайлы мерзімін әзірле­ген. Оған сүйенсек,  майлы және дәнді дақылдарды егудің оңтайлы мерзімі маусым айының соңына дейін жүргізілуі керек. Станса мамандары мамыр айы қалыпты болып тұрғанына байланысты егіс жұмыстары мерзімінде аяқта­лады деген болжам жасап отыр.

«Биыл топырақтағы ылғал жет­кілікті. Сәйкесінше қазір тұ­қым сеуіп, ылғал жауып үлгер­ген­дерге бұл аса тиімді. Егер мамыр айының 25-іне дейін шаруалар барлық егіс алқабында тұқымын сеуіп, қажетті агротехникалық іс-шараларды жүргізсе, топырақта сақталып тұрған мол ылғал маусым айының ортасына дейін қорек беруге қабілетті. Салыстырмалы түрде айтсам, былтыр дәл осы мезгілде егін салғанымызда егіс алқаптарының шаңы бұрқырап жатқан. Жер мамыр айының ортасында-ақ құрғап кетті. Жалпы, биыл облыс бойынша көктемгі дала жұмыстары жылдағыдай, кес­­те­ден ауытқымай жүріп жат­қа­­нын байқап отырмыз. Тек күн­бағыс дәнін егуде біраз кешігу бар, ол мамыр айының алғашқы онкүндігінде себіліп тастауы керек еді. Алайда көп шаруашылықтар ауа райының әсерінен оны біраз шегерді. Қазіргі ауа райын болжап айту да қиынға соғып тұр. «Қаз­гидромет» өкілдері мамыр айында температура өте жоға­ры болады деген соң, біраз жүрек­сінгеніміз рас. Бағымызға орай, ма­мыр салқындау болып, шаруа­лары­мызға жайлы болып тұр», дейді «Павлодар ауыл шаруашылығы тәжірибелік стансасы» ЖШС басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Рахимов.

Ғалымның сөзінше, Павло­дар облысындағы егістік компания­сы­ның дені 25 мамырға дейін аяқ­талуы керек. Бүгінде Ертіс өзені­нің төменгі ағысындағы жайыл­малар суға толып тұр. Мыса­лы, Ақтоғайдың Өтес аулы ма­ңын­дағы жайылмалар 100 пайыз суға қаныққан. Бұған дейін тәжірибелік станса тікенді лотус (лядвинец рогатый) көпжылдық шөбін аталған аумақтың 400 гектарына еккен. Бұл шөптің құнары аса жоғары әрі ол судың ортасында 1-2 айға дейін шыдап, өсіп тұра береді. 

«Тікенді лотус – жоңышқа тәріздес, бұршақты көпжылдық шөп. Кейінгі 7 жылда әлгі жерге себілген өсімдік түрі Ертіс өзенінің төменгі жағына қарай таралып бара жатқаны байқалады. Оны жеген мал тез қоңданады, шабылған шөп қыста жақсы сақталады. Жайылмаға судың мол шығуы нәтижесінде біз биыл шөп­тің тұқымын жылдағыдан көп жинаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ биыл Павлодар қаласы маңындағы Заря, Кенжекөл ауылдарының жайылмаларына осы көпжылдық шөптің тұқымын сеуіп шығатын ойымыз бар. Об­лыс­та жайылымдық жерлер, бұрын егін салынған мыңдаған гектар аумақтар бүгінде тозып тұр. Сонау кеңес заманынан жаңармаған. Олардағы шөпті жасартып, қайта сеуіп шығатын кез келді. Бұйырса, осы жылдың тамыз айында біздің станса облыстық мәслихат депутаттары алдында жобамызды ұсынады. Егер қаржы бөлінетін болса, тозығы жеткен мал өрістерінің өсімдігін жаңартуға кірісеміз. Көпжылдық шөп егудің өзіндік технологиясы бар. Оны жылдың бір мезгілінде, бес күннің ішінде сеуіп үлгеру керек», дейді станса басшысы.

Ауыл шаруашылығы стансасы былтыр жаңадан бір бидай және бір сұлы сортына па­тент алған. Ға­лымдар биыл бидайдың тағы бір жаңа түріне патент алуды жоспарлап қойды. Ұйымның иелігінде небәрі 3 мың гектардай жер бар. Оның екі мыңы – Павлодар ауданында, бір мыңы Ертіс ауданында орналасқан. Айтуларынша, облыс диқандарын сапалы тұқыммен қамтамасыз ету үшін тәжірибе­лік стансада кемінде 30 мың гектар жер болуы керек. Тұқым үшін пайдаланылатын дәнді дақыл шаруашылығында ауыспалы танап жүйесі қолданылмайды. Яғни биыл бидай егіп, келесі жылы арпа егемін десең, өткен жылғы дақыл­дың тұқымдары арасында бәрібір шығып кетеді. Одан себілген дәнді дақылдың сапасы құриды. Сапалы тұқымды көбейту үшін егіс танабын жыл аралатып толығымен демалдыру керек. Тұқым егілмеген жылы жерді пармен өңдеу, гер­би­цидтер себу жұмыстары атқа­рылады. Сон­дықтан жердің тарлығы бүгін­де жоғары сапалы тұқым шаруашылығын дамытуға үлкен қолбайлау болып тұр.

Өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасындағылар биыл тұқым жетіспеушілігі қажет өнімді сырттан сатып алу арқылы жабылға­нын айтады. Жалпы, Павлодар облысындағы болжамды егіс алқабының көлемі 1 млн 657,3 мың гектарды құрайды делініп отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғыдан  20,3 мың гектарға артық. Жауапты басқарма деректеріне сүйенсек, диқандар дәнді дақылдар бойынша егіс алқаптарын жылдағыдан 2 пайызға кемітіп, 1 млн 54,4 мың гектарға салуды жоспарлап қойыпты. Ал керісінше майлы дақылдардың үлесі – 3, жемшөп дақылдары – 11, картоп – 0,8, көкөністер мен бақша дақылдары 1 пайызға ұлғая түспек.

«Аймақ бойынша көктемгі егіс алаңы 1 млн 471,9 мың гектарды құрап отыр. Бүгінде барлығы 124,1 мың гектарға немесе жос­пар­дағы егістің 8 пайызына ауыл шаруашылығы дақылдары егіл­ді. Ылғал жүз пайызға жабылды. Диқандарға биыл 174,4 мың тұқым қажет болған, ол бүгінде толығымен қамтамасыз етілді. Элеваторларда «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның үшінші класты 16 995 мың тонна бидайы сақталып тұр. Әлгі астық тек сатуға арналған. Астық үлгілері тексеруге алынып, өнгіштігі мен өну энергиясын тексеру үшін «ҚазАгрЭкс» АҚ-ға тапсырылды. Өну деңгейі 90 пайыздан асады. Көктемгі егіс жұмыстарына барлық модификациядағы 2875 трактор, 1794 соқа, 1015 қопсытқыш, 6606 тырма, 4123 сепкіш және 261 егіс кешені қатысып жатыр. Операторлық қызметтерді ескере отырып, арзандатылған дизель отынының бір тоннасының құны 282 мың теңгені немесе литріне 237 теңгені құрап отыр. Бұл нарықтық құнынан 58 теңгеге арзан (нарықтық құны литріне 295 теңге). Жергілікті шаруашылықтар 21,6 мың тонна сұйық отынға шарт жасасып, операторлар оның 11 мың тоннасын жөнелтіп үлгерді», деп баяндады Павлодар облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.

 

Павлодар облысы